БӘРІ енді БАСТАЛМАҚ!

Baitursynuly University-де осы жаздың ең ауқымды шарасы өз мәресіне жетті.

ҚӨУ-де бірнеше күнге созылған диплом табыстау рәсімінің нүктесін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті қойды!

Биыл факультет үлкен өмірге мықты мамандар тобын аттандырып отыр. Қатарға қосылған 213 бакалаврдың ішінде болашақ журналистер мен психологтар, тіл мамандары мен аудармашылар, тарихшылар мен архив ісінің білгірлері бар.

Соның ішінде 35 түлек оқу озығы атанып, қызыл дипломға қол жеткізді.

Әскери кафедраны тәмамдаған жастар үшін де бұл күн ерекше болды. Олар бүгін алғашқы офицерлік шендерін алды.

Бұдан бөлек, білім көжиегін кеңейткен 25 магистрантқа да жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломдары салтанатты түрде табыс етілді.

Биылғы жиынның тағы бір тарихи жаңалығы бар. Факультет қабырғасынан алғаш рет «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының грантымен оқыған төрт студент түлеп ұшты.

Осынау айтулы сәтте жас мамандарға арнайы төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты шараға өңірдегі жетекші БАҚ басшылары, денсаулық сақтау мен білім беру саласының, архив ісі мен жастар саясатының өкілдері, яғни жас мамандардың болашақ жұмыс берушілері арнайы келіп, ақ тілектерін жаудырды.

Қонақтардың жылы лебіздері мен нақыл сөздері түлектерге үлкен жігер берді. Әсіресе, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс психологы Тарас Нагайцевтің сөзі көптің жүрегінен орын алды:

– Осыдан төрт жыл бұрын ғана қара шаңыраққа оқушы болып келген едіңіздер, бүгін, міне, маман атанып отырсыздар. Енді сіздер студент емессіздер, тең дәрежелі әріптесімізсіздер! – деді ол ақжарқын көңілмен.
– Заман ағымы өте тез. Елдің ертеңі – сіздердің қолдарыңыздарда. Университет сіздерге бағыт берді, іргелі білімді сіңірді. Ал алдағы уақытта мамандыққа жаңа серпін мен жастық жалын әкелетін өздеріңізсіздер. Қазір жетпей тұрғаны да осы тың көзқарас. Ертең-ақ араларыңыздан үлкен жаңалық ашып, туған өңіріміздің, тіпті тұтас еліміздің атын аспандататын жастар шығатынына сенемін.
Ал магистрлерге айтарым: бұл дәреже – сіздер үшін өмірде алынбайтын қамал, бағынбайтын шың жоқтығының дәлелі!

Baitursynuly University барша түлегін шын жүректен құттықтаймыз Сапарларыңыз сәтті, қадамдарыңыз нық болсын. Тек алға, жаңа белестерге!

Қабылдау комиссиясы