Baitursynuly University-дегі «Эко life» экологиялық клубында студенттерге сұрыптау пунктінің жұмыс ережелері түсіндірілді.
Іс-шараның құрметті қонағы Қазэкопатруль инспекторы, экожурналист және "Хелпер" қайырымдылық қорының өкілі Ольга Чечулина болды. Ол қоқысты бөлек жинау және қайталама шикізатты қайда тапсыруға болатыны туралы айтып берді.
Жаңа оқу жылы басталғаннан кейін клуб жетекшісі Гүлзат Жетпісбай студенттердің қоқысты, соның ішінде пластикалық бөтелкелерді сұрыптауға ұқыпсыз қарайтынын атап өтті. Сол себепті "Эко life" клубы ҚӨУ Жасыл орталығымен бірлесіп, пластикті бөлек жинау жүйесін ұйымдастырды және арнайы "Атамекен" контейнерлерін орнатты.
Контейнерлерді жасау экология мамандығының 2-курс студенттеріне тамаша тәжірибе болды. Студенттер бұл пайдалы экожобаға қызығушылықпен қатысты.