Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де ерекше күн мен маңызды мерекелерге орай салтанатты әрі думанды кездесу легі өтті:
Думан ұстаздық жолда ерен еңбек еткен ардагер педагогтардың жиынынан басталды.
ҚӨУ кәсіподақ ұйымы мен жастар саясаты басқармасы арнайы ұлағатты да абыройы биік оқытушыларымызға бай дастарқан жайып, тіпті шағын концерт ұйымдастырды.
Кездесу басында сөз сөйлеген ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев ардагер ұстаздарды ыстық ықыласпен құттықтады:
«Баршаңызға зор денсаулық, береке мен шаттық тілеймін. Бүгінде университетіміздің қабырғасында жұмыс істеп, тағы бірі ел ертеңі үшін еңбек етіп, енді, міне, жолдарыңызды қуып, мықты ғалым, дана ұстаз болған шәкірттеріңіз бар. Білім ордамыз көркейіп, кеңейіп, өркендеп отыр.
Бұл, әрине, сіздердің арқаларыңызда!»
Кездесу әрі қарай естеліктер кешіне ұласты.
Ардагер ұстаздар халық әндерін бірге шырқап, әңгіме-дүкен құрып, суретке түсіп, келесі мерекелік думанға қарай бет алды.
Жақсының аты өшпейді
Ғасырдан ғасырға берілетін ілімге деген ынтада, шәкірттің жүрегінде, олардың еңбегінде ізі қалып, аты өшпейтін тұлғалар бар.
Baitursynuly University педагогикалық институтында құрметті профессор, академик, биыл 90 жасқа толған Өмірзақ Сұлтанғазиннің рухына тағзым етілді.
Аса құрметпен гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
«Жерлесіміз, бауырымыз... Ол кісі тек ғылыммен айналысқан жоқ. Шәкірттеріне аямай тәлім-тәрбие беріп, із қалдырған жан. Педагогикалық институтымыз осы ұлы ғалымның есімімен аталуы – үлкен мәртебе!», – деді ректор Сеитбек Бекенұлы.
Ғалымның басты жеңісі – оның жолын жалғаған шәкірттері. @sultangazin.institute білім беріп, білім алып жатқанша, тың туындылар туып, ізденіс жалғасқанша, ғалымның аты өшпес.
ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП
Думанның шарықтау шегі – Жоғары білім қызметкерлері мен мұғалімдер күніне арналған мерекелік концерттік кеш болды!
Педагогтардың тынымсыз еңбегі, шыдамдылығы, мамандықтарына деген адалдықтары үшін сахнадан алғыс сөздер мен мен ақжарма тілектер жауды.
ҚӨУ қызметкерлері мен оқытушыларының марапатталуы – шарадағы ерекше, салтанатты сәт. Жетістіктері мен ғылымның дамуына үлес қосқаны үшін олар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ғылым үздігі» құрмет грамотасымен, «Тіл жанашыры» грамотасымен және ҚӨУ Басқарма төрағасы-ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Ерен еңбектеріңіз, білімдеріңіз бен ұрпақ тәрбиелеудегі үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке, табыс пен жаңа белестер тілеймін. Студенттеріңіз жетістіктерімен қуантып, тек қуаныш сыйласын. Ұстаздық еңбектеріңіз жемісті болсын!», – деп әріптестерін құттықтады ректор Сеитбек Қуанышбаев.
Лап-лапылдаған шығармашылық сәт те жетті! ҚӨУ пединститутының өнер кафедрасының ұйымдастыруымен естен кетпес концерттік бағдарлама өтті. Әсіресе, студенттердің әнді Baitursynuly University рухында өзгертіп шырқаған «Интеллигентно қу» туындысы көпке ұнады. Бұны қонақтардың жүзінен-ақ байқауға болады.
«Бізде жағдай жаман емес. Ты чё?
Мы здесь!
Все до конца идем плечом к плечу.
Работаем!
Мы в тренде без тиктока, без сомнений на спорте.
Бізге көз тимесін!»
Baitursynuly University жүрегі – студенттеріміз деп жазып жатамыз. Бірақ сол жүректің дүрсілін, ырғағын ретке келтіріп, мақсаты айқын студенттердің арманын орындауға жол сілтейтін шамшырақ – ол Тәлімгер.
Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы ұстаздар! Еңбектеріңіз үшін РАҚМЕТ!

















