Ғылымға жол ашқан ТАҒЫЛЫМДАМА

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы – жас ғалымдарға әлемдік ғылым кеңістігіне жол ашатын маңызды мүмкіндік. Осындай тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі – Мира Мұратқызы.

Мира Мұратқызы – «Болашақ» ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының түлегі, PhD докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің филология және практикалық лингвистика кафедрасының аға оқытушысы.

2024 жылы ол Түркия Республикасының Измир қаласындағы Эгей университетінің Түркі әлемі ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама барысында ғылыми ізденіс пен тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік жасалды.

«Шетелдік тағылымдама мен үшін тек ғылыми тәжірибе ғана емес, түркі әлемінің ортақ рухани құндылықтарын тереңірек тануға жол ашқан үлкен мектеп болды», – дейді Мира Мұратқызы.

Тағылымдама аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ мен Эгей университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, халықаралық ғылыми байланыстың жаңа кезеңі басталды.
Түрік ғалымдарымен бірлескен ғылыми мақалалар халықаралық басылымдар мен конференция жинақтарында жарияланды.

Ғалым ғылыми-теориялық және практикалық бағыттағы дәрістерге, форумдар мен семинарларға, ғылыми экспедицияларға қатысып, магистранттар мен докторанттарға ғылыми баяндамалар жасады.
Сонымен қатар архивтік деректермен, көне кітапхана қорларымен және толық цифрланған ғылыми базалармен кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде Мира Мұратқызының ғылыми қоржынында 60-тан астам ғылыми жарияланым, 3 оқу құралы, 2 электронды оқулық және 2 ғылыми туынды патенті бар.
Оның 15-тен астам ғылыми мақаласы Scopus дерекқорында индекстелетін халықаралық журналдарда және Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда жарық көрген.

«Халықаралық ғылыми ортада жұмыс істеу зерттеу көкжиегін кеңейтіп, ғылымға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – дейді зерттеуші.

Тағылымдама нәтижесінде ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстары оқу үдерісіне енгізіліп, халықаралық академиялық ынтымақтастық нығая түсті.
Бүгінде Түркия ғалымдары ҚӨУ базасында дәрістер оқып, біліктілікті арттыру курстарын өткізуге, сондай-ақ магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекші әрі шетелдік консультант ретінде тартылуда.

Қазіргі таңда Мира Мұратқызы түркі әлеміне ортақ материалдық емес мәдени мұраны, ұлттық код пен фольклорлық трансформация үдерістерін зерттеумен айналысады.
Ғалым зерттеулерінде дәстүрлі мәдениет пен қазіргі қоғамдық-мәдени кеңістіктің сабақтастығы, фольклорлық мәтіндердің заманауи интерпретациясы және түркі халықтарының рухани ортақтығы ғылыми тұрғыдан сараланады.

«Түркі халықтарының мәдени мұрасы – өткеннің ғана емес, болашақтың да рухани негізі», – дейді PhD доктор.

Қазіргі уақытта түрік ғалымдарымен бірлескен халықаралық ғылыми жоба әзірлену үстінде.
Жоба түркі халықтарының мәдени-рухани мұрасын кешенді зерттеуге, ұлттық бірегейлік пен тарихи жад мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге бағытталған.

2025 жылы Мира Мұратқызы философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу мақсатында дайындалған диссертациялық жұмысын сәтті қорғап, бүгінде ғылым мен жоғары білім беру саласында белсенді еңбек етіп келеді.

Қабылдау комиссиясы