ИТАЛИЯДАН ғылыми сәлем!

Baitursynuly University ғалымдары University of Camerinо-да біліктілігін арттырып, ғылыми тәжірибеден өтіп қайтты.

Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің атынан барған ветеринария кафедрасының профессоры Раушан Рыщанова, қауымдастырылған профессор, PhD Айгүл Жабықпаева және Инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, PhD Павел Шевченко шетелдік әріптестерімен бірге маңызды ғылыми жобаларды пысықтады.

Сапар барысында ғалымдарымыз Биология ғылымдары және ветеринария мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Олар заманауи құрылғылармен жабдықталған фармакология, вирусология, молекулалық биология және гендік инженерия зертханаларын, сондай-ақ университеттің озық клиникаларын аралады.

Ғалымдар қазіргі таңдағы ветеринария мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының ең өзекті мәселелеріне баса назар аударды. Соның ішінде, молекулалық-генетикалық диагностиканың жаңа әдістерін меңгеріп, микробтардың антибиотиктерге бой бермеу (төзімділік) қасиетін зерттеу және оның таралуын бақылау жолдарын талқылады. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі үшін өте маңызды бағыт.

Сонымен қатар, University of Camerinо басшылығымен кездесу өтіп, алдағы жоспарлар пысықталды. Тараптар студенттер мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды қолға алу, халықаралық беделді журналдарға мақалалар жариялау және ірі гранттық байқауларға бірге қатысу мәселелерін сөз етті.

Сапар қорытындысы бойынша екі университет арасындағы байланысты одан ары нығайту туралы келісім жасалды. Енді Қостанай мен Италияның жоғары оқу орындары ветеринария және биотехнология саласында бірлесіп зерттеу жүргізіп, докторанттарды даярлау ісін жаңа деңгейге көтермек.

Қабылдау комиссиясы