ҚӨУ-дағы «Уақыт машинасы»

Бүгін студенттер мен жас ғалымдардың «Ақынжанов оқулары – 2026» халықаралық ғылыми конференциясы аясында ерекше шеберлік сабағы өтті.

Іс-шара қатысушыларды мыңдаған жылдар бұрынғы кезеңге – алғашқы технологиялар енді ғана қалыптаса бастаған дәуірге жетеледі.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Қанат Ескендіров ежелгі еңбек құралдары туралы ақпарат берді, ежелгі құралдар мен қаруларды дайындау технологияларымен таныстырды.

Алғашқы минуттардан-ақ студенттер тас дәуірінің атмосферасына енді.

Қанат Зиятұлы палеолит дәуірінде қарапайым тас сынығының ежелгі адамның қолында қалай қару немесе еңбек құралына айналғанын түсіндірді.

Ол тас өңдеу техникасына, оның жарылу ерекшеліктеріне және соққы бұрышын дұрыс таңдаудың қыр-сырына тоқталды.

Ең қызықты сәт тәжірибе барысында басталды. Студенттердің көз алдында адамзат өркениетінің бастауында тұрған құралдар – тастан пышақтар, қырғыштар, бифастар пайда болды. Бұл процесс әсерлі болғанымен, жоғары дәлдікті талап етеді: соққы күшін, оның ұзақтығын есептеп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.

ҚӨУ студенттері шеберлік сабағын ерекше қызығушылықпен тамашалады. Өйткені олардың алдында жай ғана оқу материалы емес, көзбен көріп, қолмен сезінуге болатын тарих беттері ашылғандай болды.

Көрсетілімнен кейін студенттер өздері де тас құралдарын жасап көруге мүмкіндік алды. Осылайша олар бұл істің қаншалықты күрделі, әрі ұқыптылықты талап ететінін іс жүзінде сезінді.

Бұл шеберлік сабағы ең қарапайым дүниелердің өзі үлкен еңбек пен білімнің, тәжірибенің нәтижесі болғанын еске салды. Осындай кездесулер адамзаттың тас дәуірінен бүгінгі озық технологияларға дейінгі жолына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Қабылдау комиссиясы