Алғашқы ANIMALтерапевтерді ҚӨУ-де даярламақ

Сүйкімді күшікті сипап қалсаң, көңіл-күйің бірден көтеріліп кетеді. Таныс сезім, иә?

Сөйтсек, бұл адам жанын тыныштандыратын, күйзеліс пен мазасыздықты азайтатын, тіпті ауыр психологиялық жағдайлардан шығуға көмектесетін ерекше терапиялық әдіс екен.

Енді Қазақстанда бұл бағыт кәсіби деңгейге көтерілмек. Тұңғыш рет «Анималтерапия» білім беру бағдарламасы ҚӨУ-де бастау алды.

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап біздің іргелі оқу орнымызда жаңа буын мамандары – анималтерапевтер даярлана бастайды.

Алғашқы лекте небары жиырма шақты студент қабылданады. Бұл әр болашақ маманның дайындығына барынша көңіл бөлу үшін жасалған қадам.

Бұл медицина, психология және ветеринарияның ұштасқан жері. Студенттер төрт жыл бойы бірнеше күрделі бағытты қатар меңгереді.

Алдымен – ветеринария. Себебі терапевт-жануар дені сау, жақсы үйретілген әрі адаммен дұрыс байланыс орната алатын болуы маңызды.

Сонымен бірге, психология мен оңалту. Болашақ мамандар ерекше қажеттіліктері бар балалармен, дағдарысқа ұшыраған немесе эмоционалды қолдауға зәру жандармен жұмыс істеуді үйренеді.

Жануарларға дұрыс күтім жасау да бағдарламаның ажырамас бөлігі. Олардың денсаулығы, күн тәртібі мен күтімі нәтижелі терапияның басты кепілі.

Бағдарламаны ветеринариялық медицина кафедрасының профессоры Александра Тегзаның бастамасымен ҚӨУ-дің үш кафедрасы – азық-түлік қауіпсіздігі және биотехнология, ветеринариялық медицина мен психология кафедралары әзірледі.

Біз бағдарламада ең өзекті қос бағытқа басымдық береміз. Соның бірі – канистерапия, яғни иттердің көмегімен шипа сыйлау. ҚӨУ-дің төрт аяқты кадрлары сақадай сай.

Мәселен, ротвейлер Кира – қас-қағым сәтте жанға сая болып, мазасыздықты сейілтетін нағыз «антистресс».

Ал француз бульдогы Жоржик – адамның бойындағы енжарлықты қуатын, өмірге деген құштарлықты оятатын нағыз энергия көзі.

Екінші бағыт – иппотерапия – жылқымен емдеу. Болашақ мамандарымыз тәжірибеден өту үшін өңірімізде танымал «Арғымақ» секілді мамандандырылған базаларға барады», – деп баяндады Александра Алексеевна.

Бұрын мұндай жануарларды даярлау Еуропада жабық жүйе саналып, үйретілген иттердің құны аспандап тұратын.

Енді Қазақстан өз мамандары мен көмекшілерін өзі тәрбиелейді.

Бұл мамандарға деген сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Түлектер оңалту орталықтарында, арнайы мектептерде және мейірім мен ерекше қолдау қажет болатын барлық мекемелерде еңбек ете алады.

Тағы бір жағымды жаңалық. Университет жанынан студенттер мен қала тұрғындарына арналған антистресс-клуб ашылмақ.

Күніңіз күйзеліске толы болды ма? Клубқа келіңіз. Иттермен ойнап, оларды сипаған соң әлем де, сіз де жадырай түсесіз.

ОҚУҒА ҚАЛАЙ ТҮСЕМІЗ?

Кейбіреулер болашақтың мамандықтарын армандап жүрсе, ҚӨУ сол мақсатын айқындап, арманына жетуде.

Дәрімен емес, сеніммен, жылулықпен және бұлғаңдаған құйрықтың көмегімен емдейтін мамандардың біздің өңірде шығуы – шынымен де керемет жаңалық!

Қабылдау комиссиясы