Білім бәйгесінің мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін ұштау және ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген ынтасын арттыру. Биылғы айтулы дода Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында өтті.
Сайыста ҚӨУ намысын жаратылыстану ғылымдары кафедрасының студенттері – Никита Загороднев (1-курс) пен Диас Қабатай (4-курс) қорғады.
Ғылыми жетекшілері – Гаухар Баубекова.
Олимпиада екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең – теориялық, қатысушылардың логикалық ойлау жүйесін, талдау қабілетін және географиялық міндеттерді шешудегі креативті көзқарасын сарапқа салған шығармашылық тапсырмаларды қамтыды. Екінші кезеңде студенттер картографиялық материалдармен жұмыс істеу және метеорологиялық есептерді шығару бойынша өздерінің кәсіби біліктіліктерін паш етті.
Еліміздің 22 жетекші жоғары оқу орны қатысқан тартысты доданың қорытындысы бойынша, студентіміз Диас Қабатай жеке есепте жүлделі ІІ орынды иеленіп, күміс медальді еншіледі.
Студенттерімізді және жаратылыстану ғылымдары кафедрасының бүкіл профессор-оқытушылар құрамын осынау жарқын жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерді мақтан тұтамыз!




