БАСКЕТБОЛ тарихына саяхат

Допты торға дөп түсіріп, үш ұпайлық соққы бағыттауды жаны сүйетіндер үшін бұл жылдың орны бөлек. Биыл отандық баскетболдың туғанына тура 100 жыл толып отыр. Осынау ғасырлық мерейтой еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде атап өтілуде. Ал біздің өңір үшін бұл – қос қуаныш: Қостанай баскетболы өзінің 80 жылдық белесін бағындырды.

Мерейтойға орай, Қостанай облысы Ұлттық баскетбол федерациясының филиалы, «Тобыл» баскетбол клубы және Baitursynuly University бірлесіп, бірнеше буын спортшылардың басын қосқан жылжымалы интерактивті көрме ұйымдастырды.

Аталмыш шараның шымылдығы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ педагогикалық институтында түрілді. Бұл да тегіннен емес. Себебі дәл осы қара шаңырағымызда талай онжылдықтар бойы аймақтың спорттық дәстүрі қалыптасып, білікті бапкерлер тәрбиеленді әрі болашақ чемпиондар шыңдалды. Дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы кафедрасы спорт саңлақтарын даярлауды бүгін де жалғастыруда.

Көрмеге баскетбол десе ішкен асын жерге қоятын қауым – спортшылар, жанкүйерлер және осы спорттың өңірде қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар жиналды. Бірегей экспозицияның ашылу рәсімінде ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

– Жастарымыздың әрдайым биіктен көрініп, спорт алаңдарында тек бас жүлделерді қанжығаларына байлауына тілектеспіз! – деді ректор ақ батасын беріп.

Айтпақшы, осы көктемде ҚӨУ студенттері республикалық пәндік олимпиадада топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп, өздерінің мықты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы кафедрасының аға оқытушысы Сергей Волков атап өткендей, студенттеріміз бірнеше жыл қатарынан елдегі көшбасшылық позицияны қолдан бермей келеді. Осындай толайым табыстары үшін спортшыларымыз мерейтойлық көрмеге жиналған қауымның ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп, Алғыс хаттармен марапатталды.

Көрмені шаң басқан кубоктар мен жалықтыратын стендтер жиынтығы деуге келмейді. Бұл – спорт тарихына жетелейтін нағыз интерактивті саяхат болды. Студенттер мен қонақтар қостанайлық ойыншылар жеңісті жұлып алған кездегі аңызға айналған жейделерді киіп көріп, әлеуметтік желілерге арналған керемет суреттерге түсті. Сонымен қатар, жергілікті баскетбол жұлдыздарынан қолтаңба алып, спорт аңыздарымен бетпе-бет тілдесу мүмкіндігіне ие болды.

Экспозиция Қостанай қаласында ұзақ тұрмайды. 15 маусымда көрме облыстың өзге де аудандары мен қалаларын аралауға жол тартады. Мерейтойлық эстафетаны енді бүкіл өңір жалғастырмақ!

Қостанай баскетболының дамуына үлес қосқан барша буын өкілдерін қос мерекемен құттықтаймыз! Сіздерді мақтан тұтамыз!

Қабылдау комиссиясы