Камал Әбілқасымқызы – елімізде ілеспе аударма өнерін кәсіби деңгейде меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі. Республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы.
Саланы дамытуға қомақты үлес қосқан. Жоғарғы кеңес аппараты мен Парламент Сенатының редакциялық баспа бөлімінде ұзақ жыл қызмет істеді. Қарапайым консультанттан бөлім меңгерушісінің орынбасарына дейін көтерілді.
Жазушы, публицист, ақын ретінде тұщымды ой, мағыналы, салиқалы пікір айта білетін қоғам қайраткерінің бірнеше ғылыми еңбектері мен өлең-жырлары, түрлі әңгіме, ертегі жинақтары жарық көрген.
Сол еңбектердің бірнешеуін бүгін оқу ордамыздың кітапханасына тарту етті.
Туған жеріне төркіндеп келген Камал Әбілқасымқызы бірнеше күннен бері елді аралап, Тобыл-Торғай өңірінің зиялы қауым өкілдерімен, жастармен, журналистермен кездесті.
ҚӨУ-нің студенттерімен тағылымды әңгіме өрбітті, оқу мен білімнің маңызы, ұлттық құндылықтардың қоғам дамуындағы рөлі, отбасы институты жайында айтты.
Жерлесіміздің шашбауын көтеріп келген үзеңгілес сіңлілерінің бірі, Qonaev Media телеарнасының бас продюсері, журналист Қымбат Досжан да жастарға телевизия, радио саласындағы жетістіктері туралы айтып, болашақ журналистерге кәсіби бағдар берді.
ҚӨУ-нің ректоры Сеитбек Қуанышбаев қонақтардың иығына шапан жауып, әдемі гүл шоқтарын сыйлады.
Биыл 70-жасқа толған Камал Әбілқасымқызын мерейтойымен құттықтады.

















