Көптеген студенттер үшін бұл күн Оңтүстік Кореяда білім алу, жұмыс істеу немесе саяхаттау сынды асыл армандарына жасалған тағы бір нық қадам болды.
Институт Корей түбегін билеген Чосон әулетінің төртінші патшасы – Ұлы Седжонның есімімен аталады.
Дәл осы тұлға 1446 жылы корей әліпбиі – хангыльдің негізін қалаған болатын.
ҚӨУ базасындағы институт филиалы 2024 жылы Оңтүстік Кореяның Dong-Eui University-мен серіктестік аясында ашылды.
Басты мақсат – студенттерді Кореяның бай мәдениетімен таныстырып, корей тілін үйрету.
Бұл семестр институт үшін бесінші, ал 2026 жылдың алғашқы оқу маусымы.
Оқу процесі екі тәжірибелі оқытушы – Lee Chihoon және Lee Yunho жетекшілігімен жеті топта жүргізілді.
Биыл барлығы 62 студент сертификат иегері атанды.
– Осы жылы сертификат алу ережелеріне біршама өзгерістер енді. Ендігіде келесі деңгейге өту үшін сабақтардың кемінде жартысына қатысу міндетті.
Ал сертификаты виза алу талаптарына сай келуі үшін студент емтиханнан 70%-дан жоғары балл жинауы тиіс. Мұндай құжаттарда фотосурет, QR-код және арнайы сәйкестендіру нөмірі болады, – дейді Король Седжон институтының директоры Нағима Манасбаева.
Институттың мақтаныштары – Dong-Eui University-мен бірлескен қос дипломды бағдарлама («Автомобиль өнеркәсібінің инженериясы») студенттері мен академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушылары.
Олардың барлығы емтиханды сәтті тапсырып, енді жаз айларында аптасына 10 сағаттық қарқынды курстарда білімдерін шыңдауды жалғастырмақ.
Салтанатты шара барысында ең ынталы студенттер де назардан тыс қалған жоқ.
Бірде-бір сабақты қалдырмай оқыған және емтиханда үздік нәтиже көрсеткендер арнайы номинациялармен марапатталды.
Қызықты дерек: курстың ең жас қатысушысы небәрі 13 жаста болса, ең үлкені – 62-де. Білім алу қай кезде де не ерте, не кеш емес. Сіз де қапы қалмаңыз!
Екі аптадан соң институтта жаңа жазғы семестр басталады. Оқу мерзімі қысқа болғанымен, сабақтар өте қарқынды өтеді. Бұл – студенттер үшін көбірек тәжірибе жинап, өздерінің арманына жақындай түсуіне берілген таптырмас мүмкіндік.
Барлық мәліметтер осында @king_sejong_institute_kostanay.



















