Абай Құнанбаевтың 175-жылдығына

Читать: 1 мин

Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның қоғамдық-саяси және құқықтық қызметі туралы келелі ойлар айтылған онлайн-семинар өтті. Семинарға Қылмыстық құқық және іс жүргізу кафедрасының оқытушылары мен студенттері, сонымен қатар Қазақстан тарихы, Философия кафедраларының оқытушылары қатысты.

Абай Құнанбаев ойшыл, ақын, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Оның шығармаларында болмыс, өмір, дүниетаным, мінез, жан, дін, діл, тіл, халықтың рухы бейнеленген. Абайдың әдеби мұрасы өзінің көркемдік құндылықтарымен ұлттық өнердің қайнар көзіне айналып, халық жадында қалды. Сонымен бірге Экономика және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденовтің айтуынша, Абай шығармалары жас ұрпақтың бойында халқына, туған жеріне деген патриоттық сезімді қалыптастырады. Абай білім мен тәрбие арқылы жастарды надандықтан, дөрекіліктен құтқаруға шақырды. Ұлы ақын қазақ халқын білім нәрімен сусындауға баулыды. Бұл тұжырымдар бүгін де, өмірдің барлық саласында жаңа міндеттер мен жаңа талаптар қойылған кезде де өзекті.

Семинар барысында қатысушылар арасында өзекті мәселелер бойынша сындарлы және қызу пікір алмасу болды. Іргелі зерттеулер институтының директоры Әлімжан Бекмағамбетов шараны қорытындылай келе: «Болашақ ұрпақ Абай жолымен жүруі керек, біз оның идеялары мен ойларының барлығын ескеруіміз керек», - деп атап өтті.

КГУ