«Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің өкілі Дилдора Рашитова А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттерімен кездесіп, «Жас өркен» жобасы туралы айтып берді. «Жас Өркен» бағдарламасы – «Самұрық-Қазына» қорының дарынды университет түлектерін тарту, оқыту және дамыту жөніндегі бастамасы. Аталмыш бағдарлама топ-менеджменттің жетекшілігімен Қордың үздік компанияларында төрт 5 айлық ротацияны қамтиды. Сонымен қатар, байқау жеңімпаздарына еңбекақы, жол жүру және тұру шығындары төленеді. Бүгінгі таңда байқаудың 2018, 2019, 2020 жылдардағы жеңімпаздары Қазақстан Республикасының көптеген кәсіпорындарында жұмыс істеуде.
Бағдарламаның мақсатты тобы – өз ісінің шебері болғысы келетін және еңбек жолын еліміздің жетекші компанияларында бастағысы келетін ЖОО-ның 2019, 2020, 2021 және 2022 жылдардағы (бакалавр/магистратура) барлық түлектері.
«30 болашақ көшбасшыдан тұратын команданы қалыптастыру үшін біз Қазақстанның барлық аймақтарынан түлектерге ашық конкурсқа қатысуға тең мүмкіндіктер беру арқылы оларды барынша тартуға мүдделіміз», - дейді жоба тобының маманы Дилдора Рашитова. Бағдарламаның атқарушы органы – «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті. Корпоративтік университет қордың іскер серіктестерінің қолдауымен бағдарлама шеңберінде оқытуды жүргізеді.
«Жас Өркен» бағдарламасы компанияның үздік қызметкерлерінен тәлім алуға, олардың әлеуетін дамытуға, ашуға, болашақта то-менеджерлер қатарынан табылуға мүмкіндік береді.
Кездесу ойын түрінде өтті. Жиынға қатысушылар бағдарлама туралы толық ақпарат ұсынылған брошюралар мен естелік сыйлықтар алды.