Жаңа жыл қарсаңында Қостанай өңірлік университетінің студенттері Қостанайдағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленетін балалар үшін мерекелік көңіл күй сыйлады. Карантин уақытында мерекелік шара ұйымдастыру қиын әрине, бірақ «Психология» мамандығының студенттері мен университеттің еріктілері Экономика және құқық институтының психология кафедрасының аға оқытушысы Олеся Елчищеваның басшылығымен мұны онлайн-форматта жүзеге асырды.
Психология кафедрасы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 10 жыл бойы қолдау көрсетіп келеді. Кафедра студенттері мен оқытушыларының ұйымдастыруымен өтетін орталық балаларына арналған жаңа жылдық кештер игі дәстүрге айналды. Бұл жолы студенттер балаларға ертегі, көптеген интерактивті ойындар дайындады, тіпті онлайн форматта балалармен бірге би билеп, жаңа жылдық әндер шырқады. Жаңа жылдық ертеңгілік балаларға өте ұнады.
Орталық тәрбиеленушілері сыйлықсыз да қалмады. Экономика және құқық институтының директораты өз күштерімен дайындаған сыйлықтарын табыстады.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қызметкерлері университет оқытушылары мен студенттеріне алғыстарын білдірді.