Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ әскери кафедрасы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша жұмыс жоспарына сәйкес Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ардагер ауған жауынгерлерімен кездесу өткізді.
Шараға ұрыс ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлер: Виктор Пимичев, Ғалым Марат, Қайрат Жүсіпов шақырылды. Қонақтар өздері туралы, кәсіби таңдаулары жөнінде әңгімелеп, Ауғанстандағы естеліктерімен бөлісіп, Ауған соғысының қасіретті күндерін, Ауғанстанда қаза тапқан жерлестерін еске алды.
Кездесуге қатысқан әскери кафедра мен жоғары педагогикалық колледж студенттері қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
"Жас ұрпақ сол қорқынышты жылдардағы оқиғаларды, борышын ерлікпен атқарған батыр адамдарды білуі және есте сақтауы қажет", - деді жастарға арнаған сөзінде кафедраның аға оқытушысы запастағы полковник Үркен Өтебасов.
Шара музыкалық қойылымдармен, бейнеролик тамашалаумен, кітап көрмесімен сүйемелденді.