Факультет ғимараты бірлік пен берекенің символындай үлкен шаңыраққа айналды. Әр бұрышта жеке бір ұлттың мәдениетін паш еткен тақырыптық алаңдар бой көтеріп, бейне бір қатар қонған ауылдардай әсер қалдырды. Олардың басын ортақ тамыр, асыл дәстүр мен әз-Наурыздың рухы біріктірді.
Әр кафедра өзіне тиесілі ұлттың бірегей мәдениетін ұсынды: электроэнергетика – Әзербайжан, машина жасау – Түрік, бағдарламалық қамтамасыз ету – Ұйғыр, математика мен физика – Өзбек, ақпараттық жүйелер – Башқұрт, ал аграрлық техника және көлік кафедрасы айбынды Қазақ елін таныстырды.
Аңқыған ұлттық тағамдардың иісі мұрын жарып, күмбірлеген күй мен әуезді ән ешкімді бейжай қалдырмады. Бір қадам бассаң, өзге мәдениеттің қойнауына еніп кеткендей күй кешесің.
Өзіміздің, яғни Қазақ алаңында мерекенің нағыз қызуы сезілді: киіз үй тігіліп, жайылған жомарт дастархан мен ұлттық ойындар думаны қызды. ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев асық ату сайысына белсене қатысса, студенттер мен ұстаздар қауымы дастархан басында мәре-сәре болып, дәстүрлі дәмнен ауыз тиді.
Сәл әріде өзбек қауымдастығы отты биімен жұртты тәнті етсе, әзербайжан асханасының дәмділігі сондай – жай өтіп кету мүмкін емес еді.
Түрік алаңы өзінің серпінді қозғалыстарымен баурап алса, башқұрт мәдениеті сыңғырлаған әсем әндерімен тербеді.
Ал ұйғыр халқының биі өзінің нәзіктігімен мерекенің нағыз ажарын ашты.
Студенттер, оқытушылар мен университет басшылығы, барлығы мерекелік шаттыққа бөленді. Ректор Сейтбек Бекенұлы бүгінгі таңда машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультеті тек техникалық мамандардың ұстаханасы ғана емес, сонымен қатар дәстүрді дәріптей білетін, жасампаздыққа жаны құмар, ілгері басқан оқу орнының көшбасшысы екенін атап өтті.
















