«Өнер» шығармашылық үйі 23 жыл бойы жастарды өнерге баулып, жас өнерпаздарды тәрбиелеп келеді. Мәдениет үйінің осы уақыт аралығында қалыптасқан дәстүрлері көп. Солардың бірі – жыл сайын өткізілетін таныстық кеші. Онда бұрынғы қатысушылар мен жаңадан келген студенттер бір-бірімен танысып, өнерлерін көрсетеді, көңіл көтереді. Бұл іс-шара бір жағынан «Өнер» студиясына жаңа толқынды тарту мақсатында ұйымдастырылады.
Бұрыннан келіп жүрген өнерпаздар өздерінің қандай нәтижеге жеткендерін және шығармашылық үйі үйінің қабырғасында тек қана өнер үйренбей, адамгершілікке, мәдениеттілікке үйренетіндіктерін мақтанышпен айтып, жаңадан келген бірінші курс студенттерін өздерінің студенттік шақтарын көңілді де, нәтижелі өткізуге шақырды.
Әрбір класстың, домбыра, вокал, хореография бөлімдерінің студенттері өздерінің жанры бойынша өнерлерін көрсетті. Әсіресе 1-курс студенттері белсенді қатысты. Олар студияға не үшін келгендіктерін, қандай өнерлері бар екендіктерін айтты.
«Өнер» шығармашылық үйінің меңгерушісі, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова шығармашылық үйі туралы әлі де хабары жоқ студенттер болса, өнерпаздарды студияға шақырады.
«Өнер» студиясының мамандары: «Жас өнерпаздардың дарынын ұштаймыз, талабын қолдаймыз, 4 жыл ішінде репертуарлары да кеңейіп, жаңа туындылармен толығады»,-дейді.