Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институттың студенттері оқу орнының танымал, әрі табысты түлектерімен кездесті. Қостанай өңірлік университетінде Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов, облыстық «Qostanai» телеарнасының директоры Ербол Ипбергенов, кәсіпкер, «Айгерім-ай» жеке бастауыш мектеп пен балабақшаның негізін қалаушы Құралай Шодорова, Ерекше білім берілу қажеттілігі бар балаларға арналған Рудный арнайы мектебінің директоры Анна Дайкер және Қостанай облысының жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков қонақта болды. Олар студенттермен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті, бағыт-бағдар берді, кәсіби жетістіктерге жету жолдары туралы айтты. Студенттер өздеріне қызықты сауалдарын қойып, меймандармен пікір алмасты.
Қонақтардың кейбірі педагогикалық білім алғанымен қазір мемлекеттік қызметте, шығармашылық мамандықта жұмыс істейді. Алайда мұғалімдік білімнің қыр-сырын жетік меңгерген маман үшін қай салада болмасын қызмет істеу қиын емес дейді. Өйткені педагогтар – жан-жақты мамандар. Ерекше білім берілу қажеттілігі бар балаларға арналған Рудный арнайы мектебінің директоры Анна Дайкер студенттерден таңдаған мамандықтары бойынша қызметке орналасуларын өтінді. Қонақтың сөзінше, мұғалім оқушымен жұмыс істеу барысында психолог, әнші, биші, ұйымдастырушы, басқарушы да бола алады. Әр сабаққа дайындалу үшін ізденіс керек, сондықтан шығармашылық мамандыққа да жатады деді. Келешегі зор, нағыз керек мамандықты таңдаған ҚӨУ-нің студенттерін жұмысқа да шақырды.
Жеке бастауыш мектеп пен балабақшаның иесі Құралай Шодорова студенттерге жеке кәсіп ашу жолдары туралы түсіндірді және кәсіби кеңес беруге әрқашан дайын екендігін айтты.
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов жастарға уақытты босқа өткізбей, оқу ордасындағы барлық мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес берді. Тіл үйреніп, түрлі үйірмелерге қатысып, белсенді болыңыздар деді.
Дәл осындай кездесу В.Двуреченский атындағы ауылшаруашылық институтында өтті. Студенттер біздің университетіміздің «агрономия» мамандығының түлегі, Қазақстанның Еңбек Ері, атақты диқан, «Қарқын» ЖШС-нің негізін қалаушы Сайран Бұқановпен жүздесті. Ауылшаруашылық мамандықтарының студенттері үшін бұл кездесу өте қызықты, маңызды болды. Еңбек Ері өзінің еңбек жолы, мамандық жайында әңгімелеп берді, бүгінгі нарыққа қажетті дағдылармен, кеңестерімен бөлісті. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқысы келетін жастарды жұмысқа, тәжірибеден өтуге шақырды. «Қарқын» ЖШС-де тәжірибенден өткен студенттерге еңбекақы төленетінін жеткізді. Студенттер де мамандыққа байланысты, диқанның өміріне қатысты сұрақтар қойып, екі-жақты диалог құрды.
Кездесу соңында Сайран Балкенұлы университеттің мұражайы мен кітапханасына екі тілде жазылған «Біздер жүрген жол үсті/По дорогам жизни нашей» атты авторлық кітабын сыйға тартты.