А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде Түркия елінің беделді ахметтанушы ғалымдары, профессор, доктор, Памуккале университетінің жоғарғы білімнен кейінгі білім институтының директоры Наргиз Бирай, тарих ғылымдарының докторы, Ankara Haci Bayram Veli University профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун және Ankara Haci Bayram Veli University докторанты Елдос Тоқтарбай қонақта болды. Алматыдағы Ахаңның 150 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылған конференцияға келген ғалымдар ұлт ұстазының туған жерінде болып, Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етуді жөн көріпті. Қазақ жанашырының есімі берілген Қостанай өңірлік университетінің студенттерімен де кездесіп, ахметтанушы ғалымдармен ақпарат алмасты.
Наргиз Бирайдың Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын зерттеумен айналысқанына біраз болды, 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында Ахаң туралы алғашқы мақалалары жарық көре бастады. Бүгінде ұлт ұстазының еңбектерін түрік тіліне аударып, өмір жолына байланысты деректерді жинақтап, 2 кітап басып шығарған. Ал тағы 2 кітап баспаға дайындалып жатыр.
Алаш зиялыларын Түрік әлеміне танытып жүрген жерлесіміз Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун мен Елдос Тоқтарбай студенттермен өткен кездесуде екі елдің рухани-мәдени тоғысуына үлесімізді қосамыз деді.
Университет ректоры Сейтбек Қуанышбаев Түркиядан келген қонақтарға «Торғай елі» кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ Наргиз Бирайға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі тақты.
Меймандар болашақта оқу ордамыздың ахметтанушы ғалымдарымен байланысты нығайтуға ниет білдірді.