2021 жылдың 21-24 қарашасында Түркия елінде түркі тілдес халықтар ақындарының фестивалі өтті. Бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайту, мәдени байланыс орнату – аталмыш іс-шараның басты мақсаты. Сондықтан фестиваль Түркия елінің әдеби-мәдени орталықтарына айналған Анкара, Козан, Адана шаһарларын аралап, Ататүрік мұражайы, ежелгі Сис қаласы сияқты ірі мәдени ошақтарымен танысудан басталды.
Адана қаласының мәдениет сарайында өткен бас жиында алуан тілде жырлар оқылды. Іс-шара Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Сирия, Ирак мемлекеттері ақын-жазушыларының басын қосты.
Біздің елімізден А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының доценті, беделді халықаралық сыйлықтардың лауреаты Ақылбек Шаяхмет қатысты. Қазақстанның намысын ту еткен ақын өз шығармашылығын түркі әлемінің әдеби қауымына паш етті. Түркі тілдес халықтардың бірлігін насихаттаудағы еңбегі үшін Ақылбек Қожаұлы «Тұран бірлігі» медалімен марапатталды.
Ақылбек Қожаұлын кезекті марапатымен құттықтаймыз! Шығармашылық жолында жемісті еңбек ете беруіне тілектеспіз!