Жыл сайын 100-ден астам мемлекетте қазан айының бірінші жексенбісінде 1994 жылдан бері қалыптасқан Дүниежүзілік мұғалімдер күні атап өтіледі. Бұл – барлық мұғалімдердің, оқытушылар мен жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде Мұғалімдер күніне арналған мерекелік шара өтті. Университет ректоры Сейтбек Қуанышбаев оқу орны оқытушыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін білдірді.
Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы», - деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, білімі мықты, білігі жоғары жаңашыл ұстаздар біздің оқу ордамызда да жеткілікті. Ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің арқасында жоғары оқу орнынан мыңдаған студент заман сұранысына сай білікті маман болып шығуда. ҚӨУ-нің шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденіп, өркендеуі үшін бар күш-жерімен, аянбай еңбек етіп жүр.
Шәкірттер санасына білім сәулесін шашып, ғылымның шырағын жағып жүрген ұлағатты ұстаздарға ыстық ықыластарын білдірген білім ордасының студенттері мерекелік концерт ұйымдастырып, жиылған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұстаздар күнімен қатарлас келетін мереке Халықаралық қарттар күні қарсаңында оқу-ағарту саласының ардагерлері де назардан тыс қалмады. «Өнер» студенттер мәдениет үйінің шәкірттері ардагерлердің жастық шағын естеріне салып, «ескі» әндер мен сол кездің әсерлі билерін сахнада орындады.
Аяулы ұстаздар, білім мен ғылымға арнаған істеріңіз абыройлы болып, құрметтеріңіз әрдайым арта берсін! Болашақтың тұғыры жастарымыз білімді де іскер болсын!