Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Алма Дощанова оқу орны студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері және облыс тұрғындары алдында есеп берді. Онда ректор өткен оқу жылындағы өзгерістермен, жаңалықтармен бөлісті. 2020-жыл өзгеше жыл болды, әйтсе де университет үшін жетістіктерге толы жыл болды. Мәселен, оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам болып, жаңа мәртебеге ие болды. Бұл қадам ЖОО-ы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
ҚӨУ-і шетелдің бірнеше университеттерімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Ресей мен Литваның 6 университетімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын меморандум бар. Сондай-ақ өңірдегі машина жасау саласының мамандарын даярлау мақсатында «Камаз» ЖАҚ-мен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, биыл бірінші рет қостанайлық студенттер аталмыш кәсіпорында тәжірибеден өтіп келді.
Сонымен қатар оқу орны басшысы талапкерлерді тартудағы оң өзгерістерді атап өтті. Биыл өткен жылмен салыстырғанда, студенттерді 1-курсқа қабылдау саны 50%-ға өсті, ал студенттердің жалпы саны 10%-ға көтерілді. Баяндамада оқу-әдістемелік жұмыс мәселелеріне де назар аударылды. Өткен оқу жылында бакалавриаттың 65 бағдарламасы, магистратураның 79 және докторантураның 18 бағдарламасы жаңартылды, сонымен қатар «Мейрамхана және қонақ үй бизнесі», мектептер үшін «Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру» 2 жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп, білім беру бағдарламаларының мемлекеттік реестріне енгізілді. Сондай-ақ 2 инновациялық білім беру бағдарламасы - «Актерлік өнер және театрландырылған қойылымдарды ұйымдастыру» және «Хореографиялық қойылым және бұқаралық қойылымдарды ұйымдастыру» мамандықтары ашылды.
ҚӨУ ректорының баяндамасымен толығырақ МЫНА сілтеме бойынша өтіп, таныса аласыздар немесе университеттің инстаграмдағы ресми парақшасынан көруге болады.