ҚР-ның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Қыстафин А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Қуанышбаев Сейтбек Бекенұлына Алғыс хат жолдады. Дәл осындай Алғыс хат Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ерден Ибраев пен Халықаралық ынтымақтастық және шетелдік студенттерді тарту бөлімі басшысының м.а., философия докторы Мақсат Амантаевтың атына да келді. Хатта университет қызметкерлерінің 25 тамызда Пәкістанның жетекші жоғарғы оқу орны, Заманауи тілдер ұлттық университеті (NUML) қабырғасында өткен Қазақстан мен Пәкістанның көрнекті әдебиет қайраткерлері: Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Мұхаммед Аллама Икбалдың мәдени мұрасына арналған конференцияға қатысқандары үшін зор ілтипат білдірген.
Іс-шараға Пәкістан Парламенті Сенатының Қазақстан-Пәкістан достық тобының сенаторлары, Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Орталық Азия бойынша көрнекті сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, NUML оқытушылары мен студенттері қатысты. Қазақстан тарапынан Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ерден Ибраев қатысып, А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай оның өмірі мен шығармашылығына қатысты баяндама жасады.
Бүгінде Елшілік А.Байтұрсынұлының жеке шығармаларын урду тіліне аудару жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігі ҚӨУ-і бұдан әрі де ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді ат салысады деп үміттенеді.