А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Наурыздың жеті қадамы» шарасы аясында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Атап айтар болсақ, оқу орнында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, спорттық ойындардан сайыс, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс, театрландырылған қойылымдар, «Қош келдің, әз Наурыз» атты концерт ұйымдастырылды.
Бүгін «Наурыздың жеті қадамы» шарасына белсенді қатысқан қызметкерлер мен студенттер марапатталды. Оқу ордамыздың оқытушылары мен студенттері, шетелдік қонақтар, сондай-ақ шақырылған меймандар: Костанай облысық мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов, «АМАNAT» партиясының Қостанай облыстық мәслихатындағы фракциясының жетекшісі Бибігүл Аққожина Наурыз мерекесін Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен ұштастыратын «Қазақстан – Бірлік пен ынтымақ мекені!» концертін тамашалап, университет ауласында тігілген киіз үйде ұлттық тағамдардан дәм татты.
Аталмыш шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақтың әдет-ғұрыптарын, ұлттық тағамдарын, ойындарын бүгінгі жастарға дәріптеу. Мереке бастауында бейбітшілік, келісім, Отанға деген адал сезім, игі мақсаттардың бастауы, жаңару жатыр. Ұлыстың ұлы күнін атап өту арқылы біздер ортақ дәстүрлі құндылықтарымызды жаңғыртуға, болашаққа деген зор сенім мен еңбексүйгіштікті, ашықтық пен толеранттылықты қалыптастырамыз.