А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Ресейдің Оңтүстік федералдық университеті (Ростов-на-Дону қ.) арасындағы ынтымақтастық келісімі аясында 18-28 сәуір аралығында п.ғ.д., Оңтүстік федералдық университетінің психология және педагогика академиясының инклюзивті білім беру және әлеуметтік-педагогикалық оңалту кафедрасының меңгерушісі Лилия Горюнова, сондай-ақ п.ғ.к., Оңтүстік федералдық университетінің Мансапты дамыту жөніндегі үйлестіру-талдау орталығының жетекші маманы Екатерина Землина келді.
ҚӨУ-нің оқытушылары қонақтармен педагог кадрларды даярлаудағы өзекті мәселелерді, құзыреттілікке негізделген оқыту, салыстырмалы және халықаралық білім беру саясаты мен инклюзивті білім беру саласы бойынша университеттеріміздің ынтымақтастығын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар шетелдік ғалымдар оқу ордамыздың зерттеулер, инновация және цифрландыру жөніндегі проректоры Жеңіс Жарлығасовпен, Экономика және құқық институтының психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі Лаззат Ордабаевамен, ИБТ және инклюзивті білім беру орталығының маманы Сәуле Айтқожиновамен кездесті.