Салтанатты жиынды ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев ашып, ақжарма тілегін білдірді:
– Қадірменді ата-аналар мен бітіруші түлектер! Бүгін сіздер үшін де, біздер үшін де қуанышты күн. Мінеки, осыдан 4 жыл бұрын университет табалдырығын аттап, студент атанған едіңіздер. Ал бүгін дипломдарыңызды алып, сенімімізді ақтадыңыздар. Болашақта еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деген үміттемін. Тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Жас мамандардың қуанышына ортақтасуға мемлекеттік орган, бизнес, банк саласы мен ірі ұйымдардың өкілдері арнайы келді. Қадірлі қонақтар ақ тілектерін арнап, түлектерге тосынсыйлар мен бағалы сыйлықтар да тарту етті.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов та жастарға жүрекжарды лебізін білдірді:
– Түлектеріміз қандай әдемі, жарқырап тұр! Жастарымызды құттықтаймын! Әлихан Бөкейхан айтқан екен: «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», яғни, білім адамға жол ашады. Ал сол білімді ел игілігіне жұмсауға мүмкіндік беретін қасиеттер – мінез, жауапкершілік, адалдық және адамгершілік. Сондықтан біз тек білім алып қана қоймай, тәрбие мен ұлттық дәстүрімізді де ұмытпауымыз керек. Университет қабырғасында жинаған білімдеріңіз кемел болашақтарыңыздың берік діңгегіне айналсын!
ҚӨУ-де 2021 жылдан бастап QS әлемдік рейтингінде үздік 750 жоғары оқу орнының қатарына енетін Ұлы Витаутас университетімен (Каунас қ., Литва) бірлескен қос диплом бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Екі жақты серіктестік білім беру саласын да, ғылыми бағытты да кеңінен қамтиды.
Биыл ҚӨУ экономика және құқық факультетінің «Есеп және аудит» бағдарламасы бойынша білім алған екі студентіміз – Ақансері Ещан мен Томирис Раисова осы қос диплом бағдарламасын сәтті аяқтады. Оқу Қостанай мен Каунас қалаларында болды. Салтанатты жиында студенттерімізге қос бірдей – қостанайлық және литвалық университеттердің дипломы қатар табысталды.






























