10 қазанда Қазақстанда кәсіподақтар күні аталып өтеді. Кәсіподақтар федерациясы – қарапайым жұмысшылардың құқығы үшін күресетін тәуелсіз ұйым. Ұйымның басты міндеті – әлеуметтік-еңбек саласындағы кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсарту.
Бүгін еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғаудағы белсенді қызметі, жемісті, ұзақ мерзімді еңбегі, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің Кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұргелді Хасенов пен Білім және ғылым қызметкерлері республикалық кәсіподақ ұйымы оқу орны оқытушыларын, қызметкерлерін Алғыс хаттармен, мақтау қағаздарымен марапаттады.
Айта кетсек, Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы ХХ ғасырдың басынан (1905 ж.) бастау алады. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең ірі бірлестікке айналды. Оның құрамына 2 млн-ға жуық адам, 16 700 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 23 салалық кәсіподақ және 17 өңірлік кәсіподақ бірлестігі кіреді.