Baitursynuly University-дің машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жиналған қаражат үш жасар Темирлан Галиуллиннің еміне жұмсалады.
Темірлан - нағыз батыр бала. Жас та болса, ауыр диагнозға - ауыр дәрежелі ДЦП-ға мойынсұнбай, өмір үшін күресіп келеді. Екі жарым жылдық тұрақты оңалту терапиясының арқасында ол үлкен жетістіктерге жетті: күшейіп, енді денесін жақсырақ басқара алатын болды. Дәрігерлер Қытайдың арнайы клиникасында ем алу оған аяққа тұруға, тіпті сөйлеуге мүмкіндік береді деп сенеді. Алайда мұндай емнің құны өте жоғары - 12 миллион теңге, қазіргі таңда оның 9,7 миллионы жиналды.
Кішкентай Темірланның жағдайын естіген ҚӨУ студенттері бей-жай қалмай, қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Мұнда кез келген адам тәттілер сатып алып, игі іске өз үлесін қоса алды.
- Бүгін біз Темірланға қолдау көрсету үшін жиналдық. Оның өмірге деген құштарлығы, қайсарлығы әрқайсымызды бей-жай қалдырмады, – дейді машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің белсенді студенттер көшбасшысы Эльмира Сақтаған. – Біз, студенттер, оның сауығуына көмектескіміз келеді. Сәуір айында тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз.
Жәрмеңкенің қорытындысы жыл сайынғы қайырымдылық балында жарияланады. Қайырымды бастамаға қолдау білдірген жандарға алғысымыз шексіз!
Барлық жиналған қаражат «КН» газетінің «Өмір алақандағыдай»қайырымдылық жобасындағы үш жасар Темірлан Галиуллиннің еміне жұмсалады.