А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері белгілі қаламгер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, журналист Сабырбек Олжабаймен кездесті. Қаламгер – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ол еңбек жолын Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілген. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, сонымен қатар «Шымкент келбеті» қалалық газетінің бас редакторы қызметінде болған. Сабырбек Олжабайдың журналистика саласындағы еңбек өтілі – 44 жыл. «Алтын қауырсын» сыйлығының иегері, 2005 жылдың «Ең үздік жазушысы».
Қаламгердің «Ашутас», «Мүсәтір», «Емеурін», «Ұрланған тауық туралы хикая», «Жалдамалы құда», «Ақырзаманның ауруы», «Ғасыр машақаты» сияқты сатиралық, «Жылыбұлақ», «Ақсақ Темірдің алмас қылышы», «Ақілгек» атты прозалық, «Қыз жылаған түн», «Айбалталы айкезбе» атты детективтік, «Ай астындағы ару» атты поэзиялық кітаптары бар.
Жазушымен кездесуге келген оқу ордамыздың студенттері автордың өлеңдерін оқып, шығармаларын сахналады. «Жауап бер» айдарында оның өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтар қойылды. Қаламгер ҚӨУ-нің студенттеріне өзінің өмір жолы, шығармашылығы, туған жері жайында тың деректер айтып, іс-шара соңында шығармашылық кешті ұйымдастыруға қатысқан студенттер мен университет қызметкерлерін Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанның Құрмет грамотасымен марапаттады. ҚӨУ-нің ректоры Сейітбек Қуанышбаевқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың Алғыс хатын табыстады. Ал әлеуметтік тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұрлыхан Темірбеков Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Сабырбек Олжабай университет кітапханасының қорына өзінің бірнеше шығармалары мен Шымкент қаласы туралы энциклопедияны сыйға тартты. Біздің оқу ордамыз өз кезегінде қонаққа А.Байтұрсыновтың төсбелгісін тақты.