Жиынға Германия, Өзбекстан, Әзірбайжан және тағы басқа елдерден шетелдік сарапшылар келді. Олар отандық ғалымдармен бірге «Дуалды білім берудің әлемдік тәжірибесі» атты панельдік сессияға қатысып, ой бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық деңгейдегі бұл басқосуда Baitursynuly University атынан академиялық мәселелер жөніндегі проректор Эльмира Наурызбаева, машина жасау кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Мақпал Бекмағанбетова және электр энергетикасы кафедрасының меңгерушісі Игорь Кошкин қатысуда.
Форумның екінші күнінде шетелдік сарапшылардың баяндамалары өте танымды әрі мазмұнды болды. Мәселен, Рур университетінен (Бохум қ., Германия) келген Елена Реш өз аймағындағы инновациялық ортаның даму үлгісі туралы сөз қозғады. Оның пікірінше, бұл жүйе университеттердің, өндіріс орындары мен технологиялық стартаптардың тығыз байланысына негізделген.
-Көріп отырғанымыздай, жоғары оқу орындары мен нақты өндіріс алаңдарының бірлесе жұмыс істеуі, сондай-ақ дуалды білім беру жүйесін енгізу – жаһандық үрдіске айналды. Қостанай өңірлік университеті де болашақ инженер мамандарды даярлауда студенттердің білім алу мен өндірістегі шынайы жұмысты қатар алып жүру саясатын берік ұстанады. Осы бағыттағы өз тәжірибемізді форум аясында өткен «Ынтымақтастық конструкторы» атты интерактивті маркетплейсте ортаға салдық. Бұл алаңда жоғары оқу орындары мен кәсіпорын өкілдері серіктестіктің болашағы зор форматтарын талқылап, үздік тәжірибелерімен бөлісті, – деп атап өтті ҚӨУ проректоры Эльмира Кенжеғалиқызы.
Навои мемлекеттік тау-кен технологиялық университетінің өкілі Бахтиер Мардонов Өзбекстанның «Кәсіп иесі» атты мемлекеттік бағдарламасын таныстырды. Ал Әзірбайжан техникалық университетінің проректоры Фариз Мамедов халықаралық CDIO тұжырымдамасы мен дуалды білім беру элементтерін ұштастырған оқыту үлгісін көрсетті.
Бұл басқосуда еліміздің жетекші жұмыс берушілері де айтарлықтай нәтижелерімен бөлісті. Талқылау жұмыстарына «Allur» компаниялар тобының, «Allur» корпоративтік университетінің, «Казцинк» компаниясының, «Согра ЖЭО» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Олар оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесін ортаға салып, қазіргі өндірісте ең көп сұранысқа ие құзыреттіліктер туралы айтып берді.
Форум аясында қатысушылар Шығыс Қазақстанның ірі кәсіпорындары – «Казцинк» ЖШС, «Усть-Каменогорская ГЭС» ЖШС және «Өскемен ЖЭО» ЖШС жұмысымен танысты. Олар дуалды оқыту бағдарламаларының нақты өндіріс жағдайында қалай жүзеге асып жатқанын, студенттердің заманауи технологияларды қалай меңгеріп жатқанын және өнеркәсіп пен университет серіктестігінің нақты мысалдағы жемісті нәтижелерін өз көздерімен көрді.


