Тақырып – Қостанайдың АРХИТЕКТУРАЛЫҚ мұрасы

Baitursynuly University оқытушылары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өтіп жатқан Халықаралық қысқы мектеп жұмысына қатысуда.

Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының профессорларын, докторанттарын, магистранттары мен ғалымдарын «Әлемдік тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және басқару – Auezov University – 2026» атты ортақ тақырып біріктірді.

Аталған қысқы мектеп озық тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау мен тиімді басқару саласындағы инновациялық шешімдерді іздестіруге арналған бірегей алаңға айналмақ.

Жиынға онлайн форматта ҚӨУ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің оқытушылары да атсалысуда.

Олар арнайы спикер ретінде қатысып, тыңдаушылар алдында өз дәрістерін оқуда.

Осы аптада әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Ералина «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қостанай қаласының архитектуралық мұрасы» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріскер Қостанай қаласының XX ғасыр басындағы сәулет ескерткіштерімен кеңінен таныстырып, олардың салыну тарихына, сәулеттік стиль ерекшеліктеріне және өңірдің мәдени мұрасы үшін маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.

Баяндама барысында қаланың тарихи бейнесін айқындайтын нысандар көрсетіліп, олардың тарихи жадыны сақтау мен Қостанайдың қайталанбас сәулеттік ортасын қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді.

Қабылдау комиссиясы