Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік унверситетінде онлайн режимде өтіп жатқан ғылыми конференциялар жалғасын тапты. Бұл жолы алғашқы болып сөз алған Журналистика және коммуникация менеджмент кафедрасы. Олар «БАҚ-тағы жас ғалымдардың зерттеу мәселелері мен келешегі» тақырыбында онлайн-дөңгелек үстел ұйымдастырды. «Журналистика» мамандығының оқытушылары мен докторанттары, магистранттары қатысқан шарада диссертациялық зерттеуді жүргізуде қолданылатын негізгі бағыттар мен ұсыныстарды жалпылауға басты назар аударылды.
Осындай дөңгелек үстел Азаматтық құқық және іс жүргізу кафедрасында да оқытушылардың, докторанттардың, магистранттардың қатысуымен «Құқықтық ғылыми ойдың дамуы: жас ғалымдардың көзқарасы» тақырыбында өтті.
Бұдан әрі халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы Елена Кандалина магистранттармен онлайн-кездесу өткізді. Отырыс қатысушылары - Ондокуз Маис және Острава университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқитын 1 курс магистранттары, Т.Мутлапов, В.Волкова, Е.Муштакова, Х.Сапарғалиева шетелде ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар бүгін бейне-дәрістер циклы өткізілді. М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің халықаралық құқық департаметінің аға оқытушысы Дана Мұхамеджанова Халықаралық құқық мамандығының оқытушылары мен студенттеріне ZOOM платформасы арқылы «Цифрландыру уақытындағы адам құқықтарының сақталуы» тақырыбында дәріс оқыды.
Математика және физика кафедрасының профессоры Владимир Поезжалов студенттер мен мектеп оқушыларының білім деңгейін көтеру және мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Балалар үшін қауіпті кеңістікті қоршауға арналған электронды құрылғы» және «Реагентсіз суды мұнай өнімдерінен тазартудың әдістері» тақырыбында дәріс оқыды.
Ал Тіл және әдебиет теориясы кафедрасы оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға, университет және колледж студенттеріне «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы» тақырыбында онлайн семинар өткізді.