Ғылымға апарар жол – алғашқы қадамнан басталады

ҚӨУ оқытушылары «Ұлағат» студенттік қоғамының белсенділерімен кездесті.

Кездесу Қостанай жоғары педагогикалық колледжінде өтті. Baitursynuly University атынан әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденов және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, доцент Айдар Айтмұхамбетов қатысты.

Кездесу барысында оқытушылар студенттермен «Ғылым әлемді өзгертеді» тақырыбында өзекті мәселелерді талқылады. Ғылыми қауымдастық отырысы аясында Әлібек Табулденов «Тарих ғылымы және қазіргі қоғамның сын-қатерлері» тақырыбында өз пікірін білдіріп, бүгінгі таңда тарих ғылымының алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды.

Айдар Айтмұхамбетов студенттерге білім деңгейін арттырудың маңыздылығы, архивтік құжаттармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының заманауи әдістері мен формалары туралы айтып берді.

Спикерлер өздерінің ғылымдағы жолы, тәжірибесі және мақсатқа жетуге жетелейтін мотивация жайында ой бөлісті.

Кездесу барысында кәсіби бағдар беру мәселесіне ерекше назар аударылды: студенттерге әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің білім беру бағдарламалары таныстырылып, ҚӨУ-да магистратура мен докторантурада оқу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Қабылдау комиссиясы