ҒЫЛЫМ әлеміне терең бойлау сәтті өтті

12 сәуірде Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай Baitursynuly University ғалымдары БАҚ өкілдері үшін өздерінің бірегей зертханаларының есігін ашты.

Пресс-тур аясында журналистер Baitursynuly University-дің Инновациялық технологиялары ғылыми-зерттеу институтының заманауи зерттеулерімен, технологияларымен және зертханалық тыныс-тіршілігімен танысты.

Ғылыми саяхатта ҚӨУ зерттеулер, инновациялар және цифрландыру жөніндегі проректорының орынбасары Берік Рахымбаев пен ҚӨУ Инновациялық технологиялар институтының директоры Әлия Ысқақ гид қызметін атқарды.

ҚӨУ-де Қостанай облысының агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және жаңа буындағы ғылыми-зерттеу технологиялық орталығын құруға бағытталған ауқымды ғылыми-техникалық бағдарлама (2024–2026 жж.) жүзеге асырылып жатыр.

Бұл – іргелі ғылым, қолданбалы зерттеулер мен өндірістік міндеттер біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін өңір үшін мүлдем жаңа формат.

Мұндағы басты мақсат – ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың заманауи платформасы саналатын Аймақтық академиялық артықшылық орталығын (ААО) құру.

Тартылған қаржының жалпы көлемі 4 миллиард теңгеден асты.

Ең маңыздысы, қаражаттың 85 пайызы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи зертханалық-аналитикалық және технологиялық инфрақұрылымды құруға бағытталған.

Өңірде, ал кейбір позициялар бойынша тіпті елімізде баламасы жоқ әлемнің жетекші өндірушілерінің (Thermo Fisher Scientific (АҚШ), Agilent Technologies (АҚШ), Bruker (Германия), Shimadzu (Жапония), Rigaku (Жапония), Metrohm (Швейцария) және т.б.) жабдықтарымен қамтамасыз ету туралы сөз болып отыр.

Оннан астам БАҚ өкілдері ҚӨУ ғалымдарының маңызды ғылыми зерттеулермен қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын және біздің зертханалар қандай бірегей қондырғылармен жабдықталғанын өз көздерімен көрді.

– Бұл Quattro S электронды микроскопы өте дәл мәліметтер береді. Бұл – университетіміздің нағыз мақтанышы. Микроскоптың салмағы бір тоннадан асады және ол кез келген заттың ішкі құрылымын егжей-тегжейлі көруге мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай құрылғының тек екеуі ғана бар, – деп түсіндірді Берік Сағидоллаұлы.

– Сонда құрылғының ерекшелігі неде? – деп сұрады журналистер.

– Оның әмбебаптығында: ол биологиялық зерттеулерге де, металдар мен материалдарды талдауға да жарамды. Бұл оны өңір ғылымы үшін таптырмас құралға айналдырады.

Сыртқы пішіні тапаншаға ұқсайтын керемет құрылғы да көпшілікті таңғалдырды.

Olympus VANTA C портативті рентген-флуоресцентті спектрометрі – металдарды бұзбай, олардың құрамын жылдам әрі дәл талдауға арналған құрылғы.

Пресс-турдың ең қызықты интерактивті бөлігі ерітінділердің химиялық құрамын жоғары дәлдікпен анықтауға арналған ICP-OES және автоматты титратормен жұмыс істеу процесі болды.

Журналистер блокноттарын ақ халат пен қорғаныш көзілдірігіне ауыстырып, нағыз зертханашыларға айналды

Олар ғалымдармен бірге біз күнделікті ішіп жүрген судың сапасын тексерді: үлгілерге арнайы ерітінділер мен индикаторлар қосып, түсінің өзгеруін бақылады және реакцияның аяқталу сәтін тіркеді.

Сондай-ақ сүзгіден өткен (фильтрленген) және бөтелкедегі суды салыстырып көрді.

Экскурсия барысында журналистерге заттарды талдаудың жоғары дәлдігін және қосылыстардың құрамын егжей-тегжейлі зерттеуді қамтамасыз ететін микробиологиялық зерттеулерге арналған басқа да заманауи зертханалық кешендер көрсетілді.

Бұл күн заманауи, технологиялық әрі өте қызықты ғылым әлеміне жасалған нағыз саяхат болды.

Журналистер ҚӨУ ғалымдарымен жақынырақ танысып, озық жабдықтарды көрді және өздері де ғылыми процестің бір бөлігіне айналды.

Пресс-турды ұйымдастырған Baitursynuly University-дің барша қызметкеріне алғыс айтамыз. Сіздерді мақтан тұтамыз!

Қабылдау комиссиясы