Baitursynuly University профессоры - Татьяна Брагина БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы, БҰҰ Даму бағдарламасы, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігінің және Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының бірлескен «Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін кеңейту үшін институционалдық және құқықтық жағдайларды жасау арқылы биоәртүрлілік саласындағы ұлттық мақсаттарға жетуін қолдау (SPACES)» жобасының аралық қорытындыларын талқылауға арналған халықаралық семинарға қатысты.
SPACES жобасының мақсаты - Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін кеңейту және басқа да тиімді табиғатты қорғау шараларын (OECMs) енгізу арқылы жетілдіру. Оларға аңшылық қорықтарын құру, экологиялық дәліздер қалыптастыру және басқа да табиғатты қорғау шаралары жатады.
Биология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры Татьяна Брагина семинарға Орталық Азия елдерінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту бойынша табиғатты қорғау заңнамасының негізіне айналған экологиялық желілерді құру жобасының ұлттық және өңірлік үйлестірушісі ретінде қатысты.
Семинар барысында 2035 жылға дейін Қазақстанның табиғатты қорғау заңнамасын бейімдеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен басқа да табиғатты қорғау шараларын кеңістіктік жоспарлауға қатысты ортақ тәсілдер мен ұсыныстар бекітілді.
Жұмыс кездесулері барысында табиғатты зерттеу мен қорғауға халықтың, оның ішінде студенттердің қатысуы талқыланды. Профессор Татьяна Брагина Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының қаржылық қолдауымен университеттің жаратылыстану ғылымдары кафедрасы жанындағы бердвотчерлер клубы үшін заманауи құстарды есепке алу әдістері бойынша семинар өткізу жөнінде мамандармен келісім жасады.