182 қазақстандық "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанды. Оның ішінде 149 адам магистратурада, 7 адам докторантурада, олар әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіліп, білімдерін шыңдайтын болады.
Олардың қатарында шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге грант иегері атанған А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 8 ғалымы бар. Тағылымдамадан өту орындары АҚШ университеттері (Michigan State University), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, сондай-ақ Балтық елдері мен Болгария университеттері болды. Мемлекет тағылымдамадан өтушілерге тағылымдамадан өту шығындарын, екі жаққа ұшу, сондай-ақ медициналық сақтандыруды және ай сайынғы стипендияны төлейді. Шәкіртақы мөлшері белгілі бір елдегі қалаға және өмір сүру деңгейіне байланысты өзгереді.
Айта кетейік, грантты тағайындауға конкурстық іріктеу 3 турда өтті: кешенді тестілеу, сараптама комиссиясының мүшелерімен дербес әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау.