Бүгін Қостанай өңірлік университетінде ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы аясында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлы тұлға және ұлт мұрасы» тақырыбында студенттер мен магистранттарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сонымен қатар аталмыш конференция Қазақстанда 12 сәуірде аталып өтетін Ғылым қызметкерлері күніне орайластырып ұйымдастырылды.
Конференция онлайн режимде өтті және бұл формат еліміздің әр өңірінің студенттерін біріктіруге мүмкіндік берді.
Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы, түркітанушы, Алаш қайраткері, ұлттық жазудың, қазақ тілі мен әдебиетінің реформаторы. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі – халқына, Отанына қызмет етудің ең жарқын үлгісі. 2021 жылдың қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның конференциясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын айтулы даталардың халықаралық күнтізбесіне енгізу туралы шешім қабылданды.
Жыл бойы ұлт ұстазының мерейтойын әлем болып тойлалаймыз. Осы орайда жергілікті бюджет есебінен педагогикалық және инженерлік-техникалық мамандықтарға оқуға түсетін «Алтын белгі» иегерлеріне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар тағайындалады.
Бүгінгі конференция жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, еліміздің әлеуметтік, мәдени және тәрбиелік әлеуетін біріктіріп, топтастыруға, жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды игеруге ықпал етеді.