14 қарашада Baitursynuly University филология және практикалық лингвистика кафедрасының ұйымдастыруымен «Мәтіндегі корпустық лингвистика: ресурстар мен әдістердің ғылыми-әдістемелік жиынтығы» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты: білім алушыларға лингвистикалық зертттеулердегі корпустарды құру және қолдану әдістерін үйрету, сондай-ақ мәтіндік мәліметтерді өңдеу мен талдау тәсілдерін меңгерту. Семинар жұмысына «Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының оқытушылары, магистранттары мен студенттері қатысты.
Семинарда тіл біліміндегі корпустық лингвистиканың теориялық және практикалық маңызы, қазақ тілін цифрландырудағы ұлттық корпустардың қызметі, жасанды интеллект, мәтіндерді комикс арқылы оқыту, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасын талдау сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Кафедра меңгерушісі Әбсадық А.А, қауымдастырылған профессор Досова А.Т., 2 курс магистранттары Абдигапарова Гүлнар, Антаева Таңсұлу, Бекмұхамбетова Әмина, Күлмағамбетова Ботагөз, Қойшығұлова Динара, Тоқтарова Ажар, Утемуратова Лаззат тақырыпқа қатысты тың деректермен бөлісті.
Студенттерді ғылымға бағыттауға арналған іс-шара жоғары деңгейде өтті.