Ғылым ЖАН азығы

Baitursynuly University оқытушылары Ғылым мен спорт күніне арналған конференцияға қатысып қайтты.

Қостанай қаласындағы № 19 мектепте өткен бұл игі шара дәстүр бойынша осы білім ордасының бұрынғы директоры, ардақты ұстаз Сергей Маяцкийдің рухына бағышталды.

2015 жылдан бері үзілмей келе жатқан жиынның биылғы сипаты ерекше. Мұнда тек мектеп ұжымы ғана емес, өзге білім шаңырақтарының шәкірттері мен ҚӨУ ғалымдары да бас қосты.

Басты мақсат айқын: мектеп оқушысының ізденісіне ұстаздың тәжірибесі мен университет профессорының ақылы қосылғанда ғана ғылым «жан бітіп», нәтиже береді. Жиын барысында оқушылар өз зерттеулерін ортаға салса, мұғалімдер оқытудың тиімді әдістерімен бөлісті. Ал университет өкілдері жас зерттеушілердің жұмысын ширатып, бағыт-бағдар берді.

ҚӨУ атынан педагогикалық институтының, филология, тарих және жаратылыстану кафедраларының оқытушылары қатысып, секцияларда белсенді жұмыс істеді.
Әсіресе, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасына арналған бөлім көпшіліктің назарын аударды. Бұл секцияда профессор Айбек Шалғымбеков қазылық етіп, өз ойын білдірді.

– Мұғалімдер өз тәжірибелерін ортаға салып, қиындықтарды бірлесе талқылады. Әсіресе, Абайдың «Қара сөздеріне» негізделген шығармашылық тапсырмалар қатты тәнті етті. Оқушылар ұлы ойшылдың сөздерін сурет арқылы жеткізіп, тарих пен мәдениетті өнермен ұштастыра білген. Міне, оқу процесін қызықты ететін нағыз ізденіс осындай болса керек!

Қабылдау комиссиясы