Бүгін оқу ордамызда дәстүрлі «Иннова-2023» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті. Пленарлық отырыста алғашқылардың бірі болып сөз алған А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің оқу ісі жөніндегі проректоры Ербол Исакаев конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.
Пленарлық отырыста жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына жаппай ашық онлайн курстарды пайдалану және енгізуге инновациялық көзқарас; университеттің кәсіби-бағдарланған қызметінде тәлімгерлік моделін енгізу; ЖОО-да пәндерді оқыту және бағалау сапасы бойынша кері байланыстың нысандары мен механизмдері сияқты білім берудің өзекті мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.
Баяндамашылар – қостанайлық ғалымдар, Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің (Абакан қ.) және Оңтүстік федералды университетінің (Ростов-на-Дону қ.) өкілдері.
«Инновациялық технологиялар, оқытудың әдістері мен тенденциялары» және «Университеттегі инклюзивті білім беру» секцияларының жұмысы онлайн форматта өтті. Оған Челябі мемлекеттік университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты. Ғалымдар жұмыс тәжірибелерімен алмасып, білім берудің өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар айтты.