Baitursynuly University әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Алибек ТАБУЛДЕНОВ халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанды!
Келесі жылы «500 шетелдік ғалым» бағдарламасы аясында ол Варшавадағы Польша ғылым академиясына аттанып, ХХ ғасырдың 30-50-жылдарындағы Солтүстік Қазақстанда халықтарды депортациялау тақырыбын зерттеуді жалғастырады.
- Осы салада 20 жылдай ғылыми ізденістермен айналысып, 100-ден астам мақала жаздым, - дейді Алибек Нұрмағамбетұлы. - Соңғы үш жылда әріптестеріммен бірге саяси репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысына қатыстым. Сонымен қатар, Германия, Чехия, Польша сияқты шетелдік ұйымдармен байланыс орнатуға мүмкіндік алдым. Польша ғалымдары бірлескен зерттеулерге қызығушылық танытып, Польша ғылым академиясынан шақырту алдым, содан кейін «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Бір сөзбен айтқанда, бұл менің кішігірім арманым еді.
Алибек Нұрмағамбетұлын құттықтай отыра, ғылыми жұмысында жаңа табыстар тілейміз!