Мақсат – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ деңгейде сорт сынау

Осы аптада Baitursynuly University қабырғасында Қытайдан келген делегация қонақта болып жатыр. Студенттер мен оқытушылардың кездесудегі негізгі межесі – ғылым саласындағы халықаралық байланысты нығайту.

«Шетелдік ғалым» бағдарламасы аясында ҚӨУ-ге Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің (NWAFU, China) профессоры, PHD докторы Shan Weixing арнайы дәріс оқуға келді. Агрономия саласында танымал қытайлық ғалым бірлескен жобаларды жүзеге асыруды талқылап, оқу орнының докторанттары мен магистранттарына бағыт-бағдар беріп, кеңес айтуды көздеп отыр.

Профессормен бірге Қостанайға Қытайдың ауыл шаруашылығы компанияларынан да білікті сарапшылар келді. Олардың қатарында Li Jinyang (GuangHua Farm өкілі) және Chen Yuanyin (Shaanxi Zhonggong Industrial Group Co., LTD компаниясынан) бар.

Қонақтар ҚӨУ ғалымдарымен бірге осы аптада өңірді аралап, облыстағы диқандармен, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен танысуда. Еске сала кетсек, Baitursynuly University мен NWAFU арасындағы серіктестіктің арқасында бұған дейін де сорт сынау және тәжірибе алмасу бағытында бірнеше сәтті халықаралық зерттеулер жүргізілген болатын.

Алдымыздағы уақытта бұл жұмыстың ауқымын кеңейтіп, одан ары жандандыру жоспарлануда. Дәл осы мәселе Заречный ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына барған сапар барысында сөз болды. Кездесуде ҚӨУ, қытайлық жоғары оқу орны және станция ғалымдары бірлесе отырып, картоп, соя, жүгері және бидай сияқты түрлі дақылдардың сорттарын сынақтан өткізу жайын талқылады.

Ғалымдар бірнеше шаруа қожалығын аралап үлгерді. Алдағы уақытта екі елдің ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту мақсатында үлкен зерттеулер мен бірлескен ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Қабылдау комиссиясы