Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде дәстүрлі «Байтұрсынұлы оқулары-2023» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияның тақырыбы – «Ғылымның академиялық басымдылығы – Қазақстанның зияткерлік әлеуеті мен бәсекелестікке қабілеттілігін қалыптастырудың негізі».
Конференцияның ашылу салтанатына гранттық жобалар көрмесі, сондай-ақ «Ахмет Байтұрсынов – ұлттың ұлы ұстазы» кітап көрмесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына педагогикалық бағыттағы жаңа оқулықтар ұсынылды. Сонымен қатар дәстүрлі «Журналистика және PR: уақыттың жаңа мәселелері» панельдік сессиясы өтті.
Аралас форматтағы конференцияға Қазақстан, Польша, АҚШ, Испания, Украина, Болгария, Беларусь және Ресейден ғалымдар қатысты. Конференция жұмысы 5 бағыт бойынша жүргізілді: ветеринариялық және ауыл шаруашылығы ғылымдары; гуманитарлық, оның ішінде педагогикалық ғылымдар бойынша; жаратылыстану ғылымдары; әлеуметтік ғылымдар; дәлдік және техникалық ғылымдар. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 100-ден астам ғылыми баяндама ұсынылды. Тыңдалған баяндамалардың барлығы конференция материалдарының жинағына енеді. Жинақ мамыр айының басында басылып шығарылады. Конференция материалдарымен университет сайтындағы «Байтұрсынұлы оқулары» айдарынан да оқып, таныса аласыздар.