Соңғы экспедицияның ең құнды олжасы – ежелгі тұрғын үйлердің едені астынан табылған баланың және екі ересек адамның жерленген орындары.
ҚӨУ-нің археологиялық зертханасының аға ғылыми қызметкері, «Торғай ойпатының неолиті (хронология, көші-қон және трансмәдени өзара әрекеттесулер)» зерттеу жобасының жетекшісі Ирина Шевнинаның айтуынша, мұндай жаңалықтар археологиялық тәжірибеде өте сирек кездеседі:
- Біз неолит дәуіріне жататын маханжар мәдениетінің ескерткіштерін зерттеудеміз. Әдетте қазба барысында тас және сүйек құралдары, керамика сынықтары мен әшекей бұйымдар табылады. Ал биыл ежелгі баспаналардың едені астынан үш қабір анықтадық. Мұндай олжаның ғылыми маңызы айрықша.
Ғалымдардың айтуынша, тас дәуіріне жататын жерлеу орындары Қостанай өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан аумағында өте сирек ұшырасады.
Алдын ала зерттеу нәтижелері олардың неолит кезеңіне тиесілі екенін көрсетіп отыр.
Бұл тың жаңалықты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Торғай археологиялық экспедициясы ашты. Биыл экспедиция Әулиекөл ауданындағы Шилі, Сұлукөл және Бұрықтал археологиялық ескерткіштерінде кешенді зерттеу жүргізуде.
Экспедицияға археологиялық зертхананың меңгерушісі Андрей Логвин жетекшілік етеді.
Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми гранты аясында археологиялық зертхана қызметкерлерінің, тарих мамандығының студенттері мен еріктілердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Экспедиция жұмысының тағы бір маңызды нәтижесі – маханжар мәдениетіне тән ежелгі тұрғын үйлердің зерттелуі.
Бұған дейін археологтар көбіне көне тұрақтарды қазып-зерттеген болса, Шилі ескерткішінен осы мәдениетке тән жартылай жертөле үлгісіндегі баспаналар алғаш рет анықталды. Жерлеу орындарының дәл осы тұрғын үйлердің едені астынан табылуы олардың ғылыми құндылығын одан сайын арттыра түсті.
Мұндай жерлеу дәстүрі ежелгі дәуірде Орта Азия мен оған іргелес өңірлердегі бірқатар мәдениеттерге тән болған. Марқұмдарды баспананың едені астына жерлеу сол кезеңдегі дүниетаным мен рухани танымның ерекше көрінісі саналады.
Сондықтан бұл олжа ежелгі дала тұрғындарының өмір салты, наным-сенімі мен жерлеу ғұрыптары туралы тың ғылыми деректер алуға жол ашады.
Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Алда антропологиялық сараптама, радиокөміртектік талдау және кешенді зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Олардың нәтижесі табылған жәдігерлердің нақты мерзімін айқындап, мыңдаған жыл бұрын қазіргі Қостанай өңірін мекендеген қауым туралы жаңа ғылыми мәліметтерді толықтыра түседі.
Бұл жаңалық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті ғалымдарының жоғары ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, олардың Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуге қосып жүрген сүбелі үлесін айқындай түседі.















