object(DateTime)#1029 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2024-11-24 06:12:01.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}

Алтынсарин оқулары – 2023

Бүгін, 2023 жылдың 17 ақпанында «Инновациялар, білім, тәжірибе – білім беру жолының векторлары» Алтынсарин оқулары – 2023 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция кәсіби халықаралық қауымдастықтың заманауи білім беруді жаңғырту және дамыту векторларын, осы үдерісте қазақстандық ағартушыларының педагогикалық мұрасын пайдалану, мұғалімдерді даярлаудың тиімді технологиялары мен форматтарын әзірлеу және енгізу мәселелерін, ақпараттық қоғамдағы білім беру кеңістігінің ерекшеліктерін талқылау, сондай-ақ педагогтердің инновациялық қызметінің тәжірибесін жинақтау, педагогикалық үдеріс субъектілерін психологиялық-педагогикалық қолдау мақсатында өткізілді.

Іс-шара аясында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Темирбеков Нұрлыхан Мұқанұлы құттықтау сөз сөйлеп, жоғары оқу орындарының қызметі бүкіл білім беру жүйесін ел дамуының ұлттық мақсаттарымен, міндеттерін үндестіруге бағытталғанын атап өтіп,  жалпы ұлттық білім беру жүйесінің орталық элементі педагог кадрларды даярлау жүйесі болғандықтан, білім беру жүйесінің стратегиялық бағыты ұстаздардың білім сапасын арттыру болып табылатынын тілге тиек етті.

Конференция «Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайы» КММ, Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасымен, Қостанай қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығымен» ЖМ бірлесіп ұйымдастырылып отыр.

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жетекші ғалымдары баяндама жасады: педагогика ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының профессоры, Ресей – Бережнова Елена Викторовна; Педагогика және психология мамандығы бойынша философия докторы (РһD), Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті педагогика жоғары мектебінің оқытушы-сарапшысы – Матаев Берік Айтпайұлы; Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының әдістемелік кабинет меңгерушісі – Набатникова Татьяна Ивановна; «Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайы» КММ басшысы – Оспанов Марғұлан Бақытбекұлы.

Пленарлық отырыс кәсіптік даярлық жағдайында студенттердің Мен-тұжырымдамасын дамытудың ғылыми негіздерін, жоғары мектеп оқытушыларының тьюторлық ұстанымының құндылық негіздерін, мектеп пен ЖОО-ның білім беру кеңістігінде педагогты кәсіби қолдаудың перспективалары мен тәжірибесін және педагогикалық кәсіпті таңдауға ерте бейіндеу мен бағдарлау қажеттілігін талқылау бойынша өтті, жоба Қостанай облысының мектептерінде табысты іске асырылуда.

Секциялардың жұмысы дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылып, онда Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасы мен Кубеевтің гуманистік идеялары өзектілігі және қазіргі білім беру контекстіндегі, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану есебінен педагогикалық процесті байыту, білім беру мақсаттарына қол жеткізу кезінде білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің инновациялары мен тиімді тәжірибелерін іске асыру мәселелері талқыланды.

Конференция аясында «Педагогикалық шеберлік орталығы» ЖМ Қостанай қаласы бойынша филиалының директоры Онищенко Елена Анатольевна «Исследовательская практика современного педагога / Заманауи педагогтың зерттеу практикасы» шеберлік сыныптарын ұйымдастырды (жаттықтырушылар: Мурзагалиева Арилана Ермековна, Сағадиева Кенжегуль Биахметовна).

Сондай-ақ педагогика және психология кафедрасының филиалы болып табылатын «Эмпатия» психологиялық орталығының меңгерушісі Молдахметова Гаухар Молдабековнаның «Балалармен және жеткіншектермен психологиялық түзету және кеңестің заманауи әдістері» шеберлік сыныбы өтті.

Конференцияға 1000-нан астам адам – бастауыш, орта және жоғары кәсіптік, қосымша білім беру мекемелерінің педагогикалық қызметкерлері, магистранттар, студенттер, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның білім беру саласындағы басқа да мамандары қатысты.

Конференцияға қатысушылар Алтынсарин оқулары заманауи білім беру үрдістері мен білім беру үдерісінің сапасын арттыру мәселелерін анықтауға мүмкіндік беретін ғылыми-педагогикалық, эксперименттік қоғамдық пікірталас алаңы бола алатынын атап өтті.

 

Қабылдау комиссиясы