ҚӨУ-дің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Алибек Табулденов Варшава қаласындағы «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасынан өтуде.
Бұл мүмкіндік «Болашақ» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Тағылымдама 30 маусымға дейін жалғасады.
Алибек Нурмагамбетович тағылымдаманың Польша ғылым академиясының Славистика институтында өтіп жатқанын хабарлады.
Аталған институт лингвистика, әдебиеттану, мәдениеттану, тарих, этнология және әлеуметтану салаларында зерттеулер жүргізеді.
– Институт директоры Ева Голаховска ханымның бастамасымен кездесуде тағылымдама бағдарламасы, негізгі жұмыс мәселелері және ғылыми ынтымақтастықтың келешегі талқыланды, – деді декан.
Сондай-ақ, Алибек Табулденов Польша ғылым академиясының Ғылым тарихы институты және Тарих институтының өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Қазіргі таңда Варшава университетінің кітапханасында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жақын арада Польша мұрағаттарындағы құжаттармен жұмыс жүргізіліп, Варшава университетінің қызметкерлерімен оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кездесулер жоспарлануда.
Алибек Нурмагамбетовичке сәттілік тілейміз!