БОЛАШАҚТЫҢ инженерлері

Қостанай облысының мектеп оқушылары көктемгі демалысты ҚӨУ Инженерлік академиясында білім алып, тиімді өткізуде.

Бұл жоба Baitursynuly University мен облыстық білім басқармасы арасындағы келісім аясында екінші жыл сәтті жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат – оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру.

Айта кету керек, инженерлік бағыт – оқушылар арасында жоғары сұранысқа ие. ҚӨУ-нің «Жұмысшы инженерлік құзыреттер күні» шарасына Қостанай облысының мектептерінен 100-ден астам оқушы қатысты.

Іс-шара заманауи инженерлік бағыттармен, білім беру мүмкіндіктерімен және практикалық дағдылармен танысу алаңына айналды.

ҚӨУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева құттықтау сөз сөйлеп, инженерлік мамандықтардың маңыздылығын атап өтті, аталмыш саланың өңірдегі даму перспективалары туралы айтты.

Проректордың айтуынша, инженерлік құзыреттер күні – аймақтың технологиялық әлеуетін дамытуға дайын жаңа буын мамандарын қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам.

ҚӨУ-нің машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Берген Калаков факультеттің білім беру бағдарламаларын таныстырып, қос дипломдық білім беру және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.

Машина жасау бағытын таңдаған студенттер Оңтүстік Кореяда да білім ала алады. Ал болашақ IT мамандар ҚӨУ-нің америкалық жоғары оқу орнымен жасаған келісімі негізінде бір жыл АҚШ-та оқып, білімдерін толықтырады.

Нәтижесінде екі бірдей университеттің дипломын иеленеді.

IT бағытының дамуы туралы Qostanai Hub директоры Дамир Мнайдаров баяндады. Ол «Join the Unicorn Game» жобасын таныстырды – бұл Қостанай облысында стартап-экожүйесін қалыптастыруға бағытталған бастама. Жоба қатысушылары өз идеяларын сарапшыларға ұсынып, кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасай алады.

Іс-шараның практикалық бөлігінде түрлі шеберлік сабақтары мен зияткерлік жарыстар ұйымдастырылды.

Оқушылар 3D модельдеу мен виртуалды шындықты сынап көріп, материалдар беріктігінің негіздерін меңгерді, электротехника бойынша сабақтарға қатысты, дрон басқаруды және электронды құрылғыларды жобалауды үйренді.

Сонымен қатар инженерлік графика және сызба геометрия бойынша сабақтар, математика мен физикадан олимпиадалар, тіпті «Механикалық штурм» атты іскерлік ойын өткізілді.

Қызықты күннің қорытындысы ретінде ҚӨУ серіктес кәсіпорындары – «АгромашХолдинг KZ» АҚ-на және «TEHNOPARK KZ» ЖШС-не экскурсия ұйымдастырылып, оқушылар инженерлік білімнің нақты өндірісте қолданылуын көрді.

Инженерлік мектеп – оқушыларға болашақ мамандыққа алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін тиімді формат. Оқушылар байқауларға, шеберлік сыныптарына белсенді қатысты, сұрақтар қойып, инженерлік мамандықтарға шынайы қызығушылық танытты.

Көпшілігі өз болашағын ҚӨУ-мен байланыстыруға ниет білдірді. Сіздерді асыға күтеміз, достар!

Қабылдау комиссиясы