«Инженерлік академия» жобасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Бағдарлама мазмұнды болды: университетпен танысу, Pizza Pitch, воркшоптар, сондай-ақ өңірдегі ең ірі автомобиль зауыттарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Қатысушылар инженерлік командалардың нақты ортадағы жұмысымен танысты.
Іс-шараны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ Қостанай облысы Білім басқармасы және «Allur», «KamLitKZ» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ сынды университет серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырды. Шараға өңірдегі 22 мектептен келген 70-тен астам оқушы қатысты. Smart-орталықта қатысушыларды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира НАУРЫЗБАЕВА құттықтады:
– Барлығыңыз білесіздер, инженерлік мамандықтар – болашақтың кәсіптері. Қостанайда қазір машина жасау саласы белсенді дамып келеді. Біздің университет заман талабына сай қадам басуда. Келесі оқу жылынан бастап біз Dong-Eui университетімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдаймыз. Бұл сіздер үшін бірден екі диплом алып, машина жасау саласында сұранысқа ие мамандыққа ие болудың бірегей мүмкіндігі. ҚӨУ-де инженерлік қызметке қатысты көптеген білім беру бағдарламалары бар. Әрқайсыңыз жаныңызға жақын кәсіпті таңдай алады деп сенемін.
Pizza Pitch барысында оқушылар өздерінің инженерлік идеялары мен стартаптарын қалай дұрыс жүзеге асыру керектігін үйренді. Қостанай облысындағы Astana Hub аймақтық менеджері Дамир Мнайдаров жас кәсіпкерлер мен ІТ саласының мамандарына мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Қатысушылардың бір бөлігі инженерия саласында жаңадан келгендер емес. Өз дағдыларын көрсетіп, жаңа білім алуға олар ерте кәсіби бағдар бойынша өткен воркшоптарда мүмкіндік алды. Оқушыларға электроника, электр энергетикасына кіріспе, бөлшектерді 3D-модельдеу, өлшеу құралдарын қолдану бойынша практикум тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді. Ал оларды ертіп келген мұғалімдер үшін «Информатика пәні бойынша олимпиадаға дайындық» воркшопы ұйымдастырылды.
«Allur», «KamLitKZ» ЖШС және «АгромашХолдинг KZ» зауыттарына экскурсия да оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Олар инженерлердің жұмысын өз көздерімен көріп, өндірістегі жаңа технологиялар туралы мәлімет алды.