Мектеп оқушыларына арналған ЖИ-репетитор: ҚӨУ туындысы

Мектеп бітіруші түлектер үшін ең үлкен сынақ – ҰБТ. Ал оған дайындық кезеңі қазіргі таңда цифрлық форматқа көшіп отыр.

Baitursynuly University мамандары AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы аясында AI-mektep платформасын әзірледі. Бұл жаңашылдықты алғашқы болып Меңдіқара ауданындағы университетке қарасты Буденнов мектебінің оқушылары сынап көрді.

AI-mektep – бұл заманауи оқу ортасы мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктірген жүйе.

Платформа сапалы білімді баршаға қолжетімді ету және оқу үдерісіне озық технологияларды енгізу мақсатында жасалған.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларға ҰБТ-ға өз қарқынымен дайындалуға жағдай жасау. Мұнда әр бала ЖИ-тәлімгердің көмегіне жүгініп, жеке қолдау ала алады.

ҚӨУ Цифрлық технологиялар және ЖИ орталығының басшысы Қалыбек Мәуленов жобаның басты құпиясын ашты: әдеттегі нейрожелілер кейде «галлюцинацияға» бой алдырып, фактілерді ойдан шығаруы мүмкін. Оқушылар тек нақты әрі дұрыс ақпарат алуы үшін жоба әзірлеушілері жүйеге RAG-моделін енгізді.

Сондай-ақ, тест сұрақтарын дайындауға ҰБТ-ға оқытатын кәсіби репетиторлар тартылды.

Қарапайым тілмен айтсақ, жасанды интеллект жауаптарды бүкіл интернеттен емес, тек ҚӨУ мамандары жарты жыл бойы жинақтаған арнайы тексерілген оқулықтар мен сенімді дереккөздерден ғана іздейді.

Бастапқыда университет мұндай дайын платформаны АҚШ-тан сатып алмақ болған. Бірақ америкалықтар «мұндай жүйе өзімізге де керек, сатылмайды» деп бас тартыпты.
Десе де, біздің мамандар салын суға кетірмей, өнімді нөлден бастап өздері жасап шықты. Жоба бүгінде шетелдік баламалардан еш кем түспейді.

– Әзірге платформада ең қажетті бес пән бар: оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, математика және физика.
Алдағы уақытта биология, химия және басқа да пәндерді қосып, талапкерлердің барлық сұранысын толық өтеуді жоспарлап отырмыз, – деді Қалыбек Сапарұлы.

Қазіргі уақытта сайт Буденнов мектебінің оқушылары үшін сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Дегенмен, өзге мектептердің де бұл жүйені байқап көруіне мүмкіндік бар. Ол үшін мектеп басшылығы ҚӨУ-ге ұсыныс жіберсе жеткілікті.

Керемет БОНУС: Егер сен әлі де болашақ мамандығыңды таңдай алмай, «технарь» немесе «гуманитар» болатыныңды білмей жүрсең, біздің «ЖИ-Профориентатор Телеграм-ботына кіріп көр.
Бот су тегін әрі баршаға қолжетімді. Сонымен бірге, саған қай кәсіптің жақын екенін анықтауға көмектеседі.

Оқушылар ЖИ-репетитормен танысып жатқанда, ҚӨУ ректорының кеңесшісі Римма Бектұрғанова мектеп мұғалімдеріне арнап шеберлік сағатын өткізді.

Ол ғылыми мақалаларды әлем оқитындай деңгейде қалай сапалы жазу керектігін үйретті. Осылайша, мектептің ұстаздары да, шәкірттері де бірдей білімін шыңдады.

– Мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыздар! Біздің уақытымызда мұндай құралдар болған жоқ, бірақ қазір ЖИ-тәлімгерлер бар. ҚӨУ болашаққа барар жолда кез келген есікті еш қиындықсыз ашуларыңыз үшін осы бір цифрлық кілтті ұсынып отыр. Тек алға!, – деп Қалыбек Мәуленов оқушыларға үндеу тастады.

Қабылдау комиссиясы