А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің басшылығы еліміздің ірі агроөнеркәсіптік холдингі «Олжа Агро» ЖШС бас директоры Айдарбек Ходжаназаровпен ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесті.
«Олжа Агро» ЖШС-і – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан ірі агрохолдинг. Еңбек нарығының сыйымдылығы 7 мыңнан астам адамды құрайды. Жер аумағы – 940 мың га жуық, оның ішінде егістік жер – 700 мың гектарға жуық, жайылым – 200 мың гектарға жуық.
2020 жылы – "Олжа Агро" холдингінің еншілес кәсіпорындарға салған инвестициялар көлемі шамамен 30 млрд. теңгені құрады, холдинг жерлерінің сапасын жақсартуға салынған инвестициялар шамамен 5 млрд. теңгені, техниканы күрделі жөндеуге және қосалқы бөлшектерді өндіруге салынған инвестициялар 8 млрд. теңгеден асты.
Өңірлік университет ретінде біз көптеген кәсіпорындармен, холдингтермен серіктеспіз, ынтымақтастық аясын кеңейту – бүгінгі айрықша мақсаттардың бірі.
Университет пен агроөнеркәсіптік холдингтің әріптестігі цифрландыру, индустрия 4.0 заманауи сын-тегеуріндеріне жауап беретін бизнес пен білімнің жаһандық интеграциясының үлгісі төңірегінде өрбиді.
Ынтымақтастық көпвекторлы болады:
- кадрларды мақсатты даярлау;
- дуалды оқыту, тәжірибе базасы, жұмысқа орналастыру;
- білім беру бағдарламаларын өзектендіру;
- "практик-тәлімгер-кеңесші-басшы" тұжырымдамасын енгізу;
- ғылыми зерттеулер жүргізу;
- тағылымдама және біліктілікті арттыру;
- бірлескен кәсіби бағдар беру жұмысы.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында білім беру және бизнес коллаборациясының қажеттілігін атап өтті. Біз, өз кезегімізде, ынтымақтастығымыздың жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және өңірдің дамуына жаңа серпін беретініне сенімдіміз»-дейді университет ректоры Алма Дощанова.